Жаңалықтар

Серпіндік студенттер Польша мемлекетіне жол тартты

Опубликовано 22.02.2017.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің, Ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің 1 курс студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Польша мемлекетінің Белосток қаласында орналасқан Қаржы және басқару жоғары мектебіне 18.02.2017 жолға шықты. Университет ректоры Құрманбаева Ш.А. әуежайға келіп, студенттерге ақ жол тіледі.

Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде биылғы оқу жылында «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан студенттер білім алып жатыр. Қабылданған студенттерге барлық жағдай жасалынып, өңірге, ортаға бейімделуіне барынша ықпал етілуде.

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы, менің ойымша, өте дер кезінде қолға алынған өміршең, біздің еліміз бен халқымыз үшін маңызы зор бағдарлама.

Қазір міне, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен биотехнология, ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша білім алып жүрген «Серпіндік» студенттерді Польша мемлекетіне  шығарып салып тұрмыз. Польшада студенттеріміз толық бір семестр білім алатын болады. Жол шығыны, тұруы барлығы мемлекеттік тапсырыс есебінен болмақ.

Біздің студенттер Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде алған білімдерін Польша мемлекетінің оқу орынында одан ары шыңдай түсетініне кәміл сенемін деп,- Шырын Асылханқызы «Серпіндік» студенттерге сенім артты.