Жаңалықтар

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде 20 жылдық мерей тойына арналған іс-шаралар жалғасуда

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің Репетиторлық мектебіне биыл 5 жыл толуына орай  2018 жылдың 26 – 30 наурыз аралығында  «Оқушылардың білімі, дағдысы және құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді жолдары – ҰБТ-ға нәтижелі қатысудың басты факторы»  атты  семинар-практикум ұйымдастырылды. Семинар-практикумның  бірінші күні «ҰБТ-ға жүйелі дайындық – білім сапасын арттырудың негізі» атты өзекті тақырып аясында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге  Репетиторлық мектеп, қала мектептерінің, колледждерінің ұстаздары, Абай, Көкпекті, Тарбағатай, Аягөз, Бесқарағай аудандарының оқушылары, КазГЮИУ дайындық бөлімінің тыңдаушылары шетелдік  жастар қатысты. Сонымен қатар Репетиторлық мектепте білім алған, қазіргі таңдағы студенттер, магистранттар қатысып, 2018 жыл талапкерлеріне мамандық таңдауда ақыл-кеңестерін берді.  Дөңгелек үстел барысында  Репетиторлық мектептің жұмыс жүйесі таныстырылды, мектеп және колледж мұғалімдерімен жаңа форматтағы ҰБТ-ның жүйесі  талданды. Психологтар осы сынға психологиялық тұрғыдан түлектерді дайындауда «Болашаққа-біліммен!», «Жүйкелік-психологиялық қысымнан арылу тәсілдері», «Көшбасшылық-заман талабы» атты психологиялық тренингтер, жаттығулар өткізіп, кеңестер берді. Семинар-практикум аясында біліктілікті жетілдіру және мамандарды қайта даярлау институты 4 пәннен мектеп мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, сертификаттар берілді.