Жаңалықтар

Ақсуат ауылындағы Ардагерлер үйінде дөңгелек үстөлі

Үстіміздегі жылдың  9-қарашасы күні Ақсуат ауылындағы Ардагерлер үйінде ««Мәңгілік ел» оның ішінде «Туған жер» бағыты бойынша «Шығыс Қазақстан ономастикалық кеңістігі – ұлттық код пен рух жаңғыруының көрінісі» (Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарының топонимикалық атаулары негізінде) тақырыбындағы жоба аясында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бір топ оқытушылары Тарбағатай ауданының жоба сөздігін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстөлге осы өңірде тұратын қырықтан аса көзі қарақты, көкірегі ояу үлкендер мен зиялы қауым өкілдері, қызметкерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, университет тарапынан т.ғ.к. Рахметуллин А.Қ., п.ғ.к. Ақманова Ғ.Р., полковник Тойкенов А. қатысты. Жиынды аталған тақырып бойынша жоба жетекшісі ф.ғ.д. Шынар Сейітова мен Тарбағатай аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұқан Сахариев жүргізген еді.

Жиынға қатысқандарға сөздіктің  қысқартылған нұсқасы мен мағынасы толық ашылмаған топонимдер жеке-жеке таратылып берілді. Сөздіктің толық нұсқасы электрондық үлгіде көрсетілді. Жиынға қатысқандар жоба сөздікті талқылауға қызу араласып, өзіндік пікірлерін білдіріп отырды. Бірнеше топонимдер аясында мағынасын нақтылау, анықтау мақсатында пікірталастар болды. Дөңгелек үстөлге қатысқандар топонимиканы зерттеу кіші Отанымыздың жеке имиджін нығайтуға, туған өлкеге деген махабатты насихаттауға ықпал етері сөзсіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, сөздік түзу жұмысына ыждаһаттылықпен қараған зерттеушілер тобына алғыстарын білдіре отырып, өздері білетін ақпаратпен жазбаша бөлісіп отыратындықтарын білдірді.

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарының топожүйесін зерттеу қазақ халқының  қалыптасқан этно-территориялық санасын терең ұғынуға, ұлттық негіз ерекшеліктерін, рухани бастауларды тұшына түсінуге әсер етері сөзсіз.