Жаңалықтар

«Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен қазіргі жастардың құқықтық тәрбиесінің мәселелері»

Елбасының  тапсырмасымен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы әзірленіп, өткен жылдың аяғында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілді.

Елбасы Жолдауында да сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасатыны туралы нақты айтылды. Осыған байланысты, педагогика және психология кафедрасы  ұйымдастыруымен «9 желтоқcан Халықаралық Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  күрес» күніне  орай  «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен қазіргі жастардың құқықтық тәрбиесінің мәселелері» тақырыбында кездесу өткізілді.

Негізгі мақсаты: студенттерді сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттармен таныстыру, оның қоғамға тигізетін зияны туралы түсініктерін кеңейту және сыбайлас жемқорлықпен күресу, алдын алу жолдарымен таныстыру.

Кездесуге ШҚО, Семей қалалық ішкі істер бөлімінің тәрбие жұмысы және кәсіби даярлықты ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жаркенов Еркебұлан Амангелдіұлы және психолог маман ретінде кафедраның аға оқытушысы Абдуллина Гүлнар Кабдышаитовна, кафедра оқытушылары, «Педагогика және психология», «Психология» мамандықтарының 2,3-курс студенттері қатысты.

Кездесу барысында сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы мәселелер жан-жақты талданып, алдын алуға байланысты жұмыстардың тұрақты жүргізілуі қажет екендігі мамандар тарапынан айтылды. Шара барысында қатысушылар айтылған мәселе  бойынша ғана емес, сонымен қатар құқықтық мәдениет тәрбиесі бойынша жауап алды.