Жаңалықтар

Болашақ ұстаздарға арналған әдістемелік семинар

Опубликовано 09.10.2019.

9 қазан 2019 ж Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің гуманитарлық факультетінде өтіп жатқан әдістемелік декада аясында болашақ педагогтерге арналған әдістемелік семинар өтті. Семинар Қазақстан Республикасындағы орта білім берудің жаңартылған білім мазмұнына сәйкес орта мектептерде ағылшын және қазақ тілдерін оқытудың өзекті мәселелеріне арналды. Семинарды Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Қарлығаш Есімбекова және №22 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Әлия Бекенова жүргізді. Шақырылған мамандар университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы мен «Шет тілі: ағылшын тілі», «Шет тілі: екі шет тілі», «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандықтарында білім алатын 3 және 4 курс студенттерінің назарына жаңартылған білі мазмұнына сәйкес мектеп пәндерін оқытудың және оқушылардың білім деңгейін бағалау жүйесінің ерекшеліктерімен таныстырды. Қарлығаш Есімбекова Назарбаев зияткерлік мектебінде шет тілдерін оқытудың өзіндік ерекшеліктері туралы айта келе, қазіргі таңдағы орта білім берудің мақсаты мен міндеттері туралы, қолданылып жүрген әдіс-тәсілдер жөнінде және оқушылардың білім деңгейін критериалды бағалаудың артықшылықтары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар оқушыларды айтылымға немесе академиялық эссе жазуға дайындау сияқты жекелеген оқыту модульдері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Әлия Бекенова болса, студенттерге ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жоспарларды құру ерекшеліктерін үйретті. Орта мектептің 6 сыныбында өтілетін бір сабақтың мысалында жаңартылған білім мазмұнына сәйкес сабақты қалай жоспарлап, қалай өткізу керектігін, сабақ соңынан оқушылардың білім деңгейі мен игерген дағдыларын бағалау жолдарын түсіндірді. Семинарға факультет деканы Арафат Мамырбеков пен филология кафедрасының меңгерушісі Құралай Төлебаева қатысты. Шара соңында кафедра меңгерушісі шақырылған мамандарға Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаеваның Алғыс хаты табысталды.