Жаңалықтар

Тарихты қазіргі мектепте оқыту мәселелері талқыланды

Опубликовано 17.10.2019.

Қазақ инновациялық, гуманитарлық-заң университетінде өтіп жатқан әдістемелік декада аясында 14 қазан күні гуманитарлық факультетте тарих және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының оқытушылары мен студенттеріне арналған семинар өтті. Семинар тақырыбы – «Тарих пәнін орта білім берудің жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқыту». Әдістемелік семинарды Семей қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні оқытушысы Данияр Кемешев жүргізді. Семинарға тарих және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Тарих», «Тарих және география» мамандықтарының 3 және 4 курс студенттері қатысты. Данияр Кемешев орта мектепте тарих пәнін жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқытудың ерекшеліктері туралы әңгімелеп, оқушылардың білім-дағдыларын бағалау әдістемесін таныстырды. Орта мектепте тарих пәнінен оқушылар орындайтын тапсырмаларды көрсете отырып, оқыту жоспарын дұрыс құру, әдістемелік ресурстарды пайдалану, күтілетін нәтижелерді дұрыс айқындау жолдарын ашып көрсетті. Қатысушылар әдістемелік семинар мазмұнды да қызықты өтті деген баға берді. Семинар соңында факультет деканы Арафат Мамырбеков Данияр Кемешевке Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаеваның алғыс хатын табыстады.