Жаңалықтар

«ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР

Опубликовано 28.10.2019.

24-25 қазан күндері Семей қаласында Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті мен Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университеті арасындағы ғылыми-педагогикалық жобаларды бірлесіп жүргізу және академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру жөніндегі екіжақты меморандум аясында «Психология ғылымындағы өзекті мәселелер» атты халықаралық оқу-әдістемелік семинар өтті. Семинар барысында қаланың ілгері оқу орындары – Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде, Семей қаласының физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен №17 жалпы білім беретін орта мектебінде бірқатар іс-шаралар болды. Екі күндік семинарға Алтай мемлекеттік университетінің Педагогика және психология факультетінің деканы, психология ғылымдарының кандидаты Любимова Ольга Марковна бастаған Алтай мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерінің делегациясы, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің Гуманитарлық факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, Назарбаев зияткерлік мектебі мен №17 орта мектептің ұстаздары мен оқушыларының ата-аналары қатысты.
Оқу-әдістемелік семинар барысында Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде «Қазіргі психология ғылымының өзекті мәселелері және психологияны жоғарғы мектепте оқыту әдістемесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға Алтай мемлекеттік университетінің делегациясы, оның ішінде «Жалпы психология», «Клиникалық психология», «Қызметтік психология», «Физиология» бағыттары бойынша білім алатын студенттер, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің Педагогика және психология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Психология», «Педагогика және психология», «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтарында білім алатын студенттер қатысты. Дөңгелек үстел барысында педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақманова Ғалия Рахметоллақызы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің Педагогика және психология кафедрасының құрамы мен қызметін таныстырды. Алтай мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының деканы, психология ғылымдарының кандидаты Любимова Ольга Марковна «Смысл как единица измерения психики. Динамика смысловых процессов» тақырыбында дәріс оқыды. Алтай мемлекеттік университетінің және Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің студенттері қазіргі психология ғылымының мәселелері мен Ресей Федерациясы және Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары жағдайында педагог психологтарды және клиникалық психологтарды дайындау мәселелерін белсенді талқылады. Сонымен қатар іс-шара барысында екі оқу орнының алдағы уақыттағы бірлескен ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстарын жүргізудің негізгі бағыттары белгіленді.