Жаңалықтар

Жұмыс берушілермен бірлескен семинар

Опубликовано 15.01.2020.

2020 жылдың 14 қаңтарында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің филология кафедрасының ұйымдастыруымен №22 жалпы білім беретін мектеп-лицейінде «Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілі сабағында оқу мақсатына жетудің тиімді жолдары» тақырыбында семинар өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – кафедра мамандықтарының модульдік білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жетілдіру және жаңарту жолдарын жұмыс берушілермен бірлесе отырып талқылау. Семинарға Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті гуманитарлық факультетінің қызметкерлері мен оқытушылары, «Семей қаласының білім бөлімі» ММ мамандары, №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің басшылығы мен ұстаздары, №38 жалпы орта білім беретін мектеп ұстаздары, Семей көпсалалы колледжідің қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Дөңгелек үстел форматында өткен семинар барысында филология кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Қ.Т.Төлебаева, кафедраның аға оқытушылары Г.О.Мүрсәлім және К.А.Борщ жұмыс берушілерді кафедраның 6В01707 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 6В01708 «Ағылшын тілі қосымша екінші шетел тілін оқытумен (неміс, түрік)» білім беру бағдарламаларының мазмұнымен таныстырды.
Іс-шара барысында жұмыс берушілер орта білім беру саласындағы қазіргі реформалар мен өзгерістерді ескере отырып, келесі оқу жылынан модульдік оқыту бағдарламаларына «Оқу сауаттылығының негіздері», «Жазба жұмыстарының жаңаша түрлері» сынды пәндерді қосу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар болашақ педагогтарды даярлау ісіндегі әлеуметтік серіктестікті одан ары дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Күннің екінші жартысында дәл осындай семинар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде өткізілді.
Семинарға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейі, Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі және Семей қалалық мұрағаты – «Жаңа заман тарихын құжаттау» орталығының ғылыми қызметкерері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар филология кафедрасының 7М02303 «Филология: қазақ филологиясы» мамандығының оқу бағдарламасын жетілдіру жолдарын талқылады.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.