Жаңалықтар

Ғылыми жобалар жеңімпазына – Ректор гранты!

Опубликовано 29.02.2020.

26 ақпан күні Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің гуманитарлық факультетінде педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толу мерейтойына орай өткізілген «Педагогика-психология ғылымының келешегі» атты колледж студенттерінің арасындағы ғылыми жобалар сайысының шешушi кезеңі өтті. Қаламыздағы үш бірдей орта арнаулы оқу орны – М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж, Семей көпсалалы колледжі және Жақия Шайжүнісов атындағы электронды колледждің 11 студенті алдын ала іріктеу кезеңінен өткен ғылыми жобаларын педагогика және психология кафедрасының профессорлық оқытушылық құрамы мен студенттері алдында қорғады. Көпшілік назарына ұсынылған ғылыми ізденістер бірқатар өзекті тақырыптарды қамтыған, оның ішінде – бастауыш сынып оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері, оқу орындарында инклюзивтік бастамаларды жүзеге асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәру көрген адамдарға психологиялық қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, т.б. тақырыптар бар. Студенттердің ғылыми жұмыстарына педагогика және психология кафедрасының профессорлық оқытушылық құрамы мен университет басшылығы өкілдерінен тұрған қазылар алқасы баға берді. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде «Тілінде кемістігі бар балалардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруда жаңа әдістерді пайдалану» тақырыбында ғылыми жоба дайындаған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Қарбасова Ажар Талғатқызы иеленді. Университетің тәрбие ісі жөніндегі проректоры А.Б.Базенов жеңімпазға Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы Ш.А.Құрманбаеваның Ректор грантын табыстады. Екінші орынды Жақия Шайжүнісов атындағы электронды колледждің 4 курс студенті Қайратқызы Мөлдір иеленді. Мөлдірдің ғылыми жұмысы жаңартылған білім беру жүйесінің бастауыш сынып оқушыларының оқу мотивтерін қалыптастыруына әсерін зерттеуге арналған. Екінші орын иегеріне университеттегі оқу жылының бірінші жылына 50% жеңілдік беретін сертификат табысталды. Үшінші орынды «Мүмкіндігі шектеулі білім алушылар үшін кедергісіз білім беру ортасын ұйымдастыру жолдары» тақырыбында ғылыми жұмыс дайындаған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Бақытбекова Анель Ерболатқызы иеленді. Оған университет басшылығы оқудың бірінші жылына 25% жеңілдік беретін сертификат табыстады. Сонымен қатар қазылар алқасы дәл осы колледждің тағы бір студенті – Шаметова Айшабибінің «Кіші мектеп жасындағы оқушылардың жеке жұмысын қалыптастырудың педагогикалық мәселелері» атты жұмысын ерекше атап өтті. Сайысқа қатысқан барлық студенттерге қатысушы сертификаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар қатысушылар мен сайыс көрермендеріне кофе-брейк ұйымдастырылып, педагогика және психология кафедрасының студенттері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.