Жаңалықтар

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫНА-3 ЖЫЛ.

Опубликовано 24.04.2020.

Біздің университетімізде «Рухани жаңғыру» орталығы қызметкерлері мен «Шығыс Қазақстан ономастикалық кеңістігі – ұлттық код пен рух жаңғыруының көрінісі» (Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандары топонимикалық атаулары негізінде)» тақырыбындағы жоба мүшелері, сонымен қатар филология кафедрасының магистрантары мен докторанттары өнімді жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, «Аягөз ауданы жер-су атауларының сөздігі» көмекші оқу құралы аяқталып, мың бес жүзден аса нысандар жинастырылып дәйектелді. Сөздік түзушілердің түсініктемесі, түсініктемеге қатысты дәйектер келтіріліп қана қоймай, баспа өнімдерінен, хабарламашылардан алынған мәліметтер сұрыпталып, сарапқа түсті. Шығыс Қазақстан өңірінен жинақталған жер-су аттары мен Алтай өңірі, Баян Өлгей аймағына жасалған экспедиция негізінде қол жеткізген ономастикалық номендер салыстырмалы-тарихи, диахрониялық, этимологиялық тұрғыдан қарастырылды. Топонимдердің алтайлық, ежелгі түркілік ортақ түбірлері анықталып, лексика-семантикалық белгілері ажыратылды.
«Туған жер» бағдарламасы негізінде университет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар Аягөз ауданымен ғана шектелмейді. «Шығыс Қазақстан облысы жер-су атауларының мәдени-семантикалық ерекшелігі (Абай ауданы және Семей қаласының Абыралы ауылдық округі материалдары негізінде)» тақырыбы бойынша сегіз жүзден аса атаулар жинастырылып, алға қойылған мақсаттар мен нәтижелер негізінде жұмыстар жүргізілуде. Ал Бесқарағай, Бородулиха, Шемонайха аудандары бойынша да іздену жұмыстары жолға қойылған.
Онамастикалық зерттеу аудан тарихы мен мәдениетінің рухани қалыптасуын, патриоттық құндылықтар рөлін жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді. Топонимиканы зерттеу кіші Отанымыздың жеке имиджін нығайтуға, туған өлкеге деген махабатты насихаттауға ықпал етері сөзсіз.