Жаңалықтар

Небәрі 42 жасында әріптесіміз, белгілі ғалым Зиядин Саябек Тәттібекұлы бұл фәниді тастап кете барды!

Опубликовано 08.07.2020.

Ол әрқашан шексіз жомарттығымен, мейірімділігімен, қонақжайлылығымен, өмірге деген құштарлығымен, ізеттілігімен ерекшеленетін.

Саябек Тәттібекұлы өзінің қысқа ғұмырында, ғалым, ұлағатты ұстаз, ірі ғылыми жобалардың жетекшісі, кәсіпкер, телережиссер, газет редакторы болып қызметтер атқарды. Оның бойында ер азаматқа жетерлік өнердің бәрі бар болатын.

Зиядин Саябек Тәттібекұлы өнерді жанымен сүйді. Қазақтың дәстүрлі өнерінің нағыз қолдаушысы, музыканы және музыкалық аспаптарда ойнауды жақсы көретін, әнші, ән де жазатын еді.

Саябек Тәттібекұлы Семейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қомақты үлес қосты. Қысқа өмірінде ол көптеген белестерді бағындырды. Зиядин Саябек Тәттібекұлы экономика ғылымдарының докторы, профессор, жүздеген әлемдік деңгейдегі ғылыми мақалалардың және бірнеше монографиялардың авторы.
2000 жылдан 2011 жылға дейін Семей мемлекеттік Шәкәрим университетінің «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, доцент қызметін атқарды.
2011 жылдан бастап 2016 жылға дейін Саябек Тәттібекұлы еңбек жолын және ғылыми-педагогикалық қызметін университетімізде жалғастырды. Ол «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, ҚазГЮИУ-дың қаржы-экономика факультетінің деканы қызметтерін атқарды.
2016 – 2017 жылдар аралығында Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің «экономика» факультетінің деканы.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Алматы қаласының «Әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінің» Экономикалық зерттеулер орталығының директоры.
2019 – 2020 жылдар аралығында «Әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінің» Бизнес-технологиялар кафедрасының меңгерушісі.
2020 жылдың мамыр айынан бастап «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университінде» ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарды.

Ағамыздың, жұбайы Кенже жеңгемізге, артынан қалған төрт балапанға, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз!
Бақұл бол, жан аға, Қош!!!

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің профессор-оқытушылық құрамы!