Жаңалықтар

Құрметті студенттер, ата-аналар, профессор-оқытушылар!

Опубликовано 01.09.2020.

Құрметті студенттер, ата-аналар, профессор-оқытушылар!
Сіздерді жаңа оқу жылымен құттықтаймын!
Әсіресе, бірінші курсқа қабылданған 2000-ға жуық жаңа студенттеріме сәттілік тілеймін!
2020-2021 оқу жылына күндізгі бөлімге мектеп қабырғасынан келген 521 жас жігіттер мен қыздарды қабылдадық. Олардың арасында алтауы – “Алтын белгі” иегерлері, он сегізі –үздік аттестатпен бітіргендер..
Құрметті бірінші курс студенттері! Сіздер ерекше жағдайда (пандемияға байланысты) мектепті аяқтап, ҰБТ-ны табысты тапсырып, үлкен күрескерлікпен ересек өмір жолына қадам бастыңыздар. Осы бір болып жатқан оқиғалар Сіздерді шыңдап, тез есейтті деп ойлаймын. Бүкіл әлем халқына ауыртпашылық әкелген індет, көптеген құндылықтарды қайта қарауға, өміріміздің барлық саласына басқаша бейімделуге мәжбүрледі. Сондықтан өздеріңізге мәлім, оқу жылы онлайн-оқу арқылы басталады. Қашықтан оқыту тәжірибесі бұрыннан жүзеге асырылып келеді.
Биылғы жылы 1276 студент ДОТ арқылы оқуға ниет білдірді. Олардың арасында Монғолия, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары да біздің университетте оқуға ықылас білдірді. КазГЮИУ-ді таңдаған барлық студенттеріме ризашылық білдіре отырып, өз атымнан оқу процесін ұйымдастырылуында сіздердің барлық тілек-талаптарыңыз нақты жағдайға сәйкес ескеріліп, мүмкіндігінше барлық жағдай жасаймыз деп сендіремін.
Оқу ақысы тұрақты, қолжетімді деңгейде деп айта аламын. Оқу жылы барысында төртке бөліп төлеу қарастырылған. Оқытушылармен, кураторлармен тығыз қарым-қатынаста болып, өздеріңізді мазалаған сұрақтар мен мәселелерді шешуге үш факультет деканаты қызмет етеді.
Осы апта – таныстыру, түсіндіру апталығы. Арнайы чаттар жұмыс істейді. Сіздерге арнайы тікелей эфирлер ұйымдастырылады. Интернет байланысы мүмкін емес ауылдық жерден келген студенттерді “Студенттер Үйінде” тұрғызып, онлайн оқытуды қамтамасыз ету жағын да қарастырудамыз.
Құрметті Жас достар! Өмірлеріңіздегі аса бір жалынды жаңа кезеңнің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! КазГЮИУ-ді қалағаныңыз үшін өкінбейтін боласыздар. Төрт жыл Сіздермен бірге әлі талай жарқын күндерді, тамаша студенттік жылдарды өткізетінімізге сенемін! Сәттілік серік болсын Сіздерге!
Таңдау – Cіздерден
Сапалы білім – Бізден!