Шетелдік студенттерге

Халықтың көші-қоны туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы.

5-тарау. БІЛІМ АЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ

30-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер
Қазақстан Республикасының аумағына білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, оның ішінде оқушылар алмасудың және даярлық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша қабылданған білім алушылар жатады.

31-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің келу шарттары
Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
1) этникалық қазақтарды қоспағанда, көшіп келуші мен қабылдаушы білім беру ұйымдарының арасындағы шартқа сәйкес тұруына, сондай-ақ оқуына ақы төлеуге қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ұсынуға;
2) таңдаған мамандығы бойынша білім алуға кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға және медициналық сақтандыруы болуына;
3) соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
4) оқу орнына оқуға қабылданғаны туралы растаманы табыс етуге және (немесе) Қазақстан Республикасына келгенге дейін кәсіптік даярлықтан өтуге шақырған тараптың келісімін растауға міндетті.

32-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге келуге виза берудің шарттары
1. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің келуіне визаларды кәмелетке толмағандар үшін ата-анасының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының келісімімен қабылдаушы білім беру ұйымының өтінішхаты негізінде айқындалатын бір жылдан аспайтын мерзімге оқу орнының немесе білім беру жөніндегі уәкілетті органның қолдаухаты негізінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері береді.
Білім алу мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруына арналған рұқсатты қабылдаушы білім беру ұйымының қолдаухаты негізінде айқындалатын оқу мерзіміне оқу орнының қолдаухаты негізінде ішкі істер органдары береді.
2. Білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің келуіне визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары қабылдаушы білім беру ұйымы растаған жағдайда оқуды аяқтауға қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге жыл сайын ұзартып отырады.
3. Қабылдаушы білім беру ұйымдары білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге олардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтары мен міндеттерін уақтылы түсіндіруді және оларды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталған соң олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағы бойынша жүріп-тұру және Қазақстан Республикасынан кету құқықтарына арналған құжаттарды уақтылы ресімдемегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің уақытша тұруына арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.

33-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттер
1. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі тегін білім алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге;
2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
2. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
2) оқудың және (немесе) кәсіптік даярлықтың толық курсын аяқтағаннан кейін, егер одан әрі болу үшін заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.